Бурабайда саңырауқұлақ маусымы жалғасуда. Бұл – орманда серуендеуді ұнататын жандардың «тыныш аңшылыққа» шығатын кезі. Әдетте саңырауқұлақ маусымы жаздың ортасында басталып, күздің ортасына дейін жалғасады. Оның қарқындылығы ауа райына, ең алдымен жауын-шашын мөлшері мен топырақтың ылғалдылығына байланысты. «Бурабай» МҰТП мамандары ұлттық парк аумағында жеке қажеттілік үшін саңырауқұлақ жинауға рұқсат етілетінін еске салады. Алайда нақты учаскенің қорғау режимін ескеріп, орманда табиғатқа ұқыпты қарау қағидаларын сақтау қажет.
«Бурабай» МҰТП аумағында 27 тұқымдасқа жататын саңырауқұлақтардың 65 түрі кездеседі. Олардың ішінде болет тұқымдастары кең таралған – 10 түр, ал строфариялар мен сазқатпалар тұқымдастарының әрқайсысынан жеті түрден кездеседі. Олардың арасында жеуге жарамды, жеуге жарамсыз, улы және сирек кездесетін түрлер бар. Әрқайсысы орман экожүйесінде өзіндік рөл атқарады.
Саңырауқұлақты қай жерде жинауға болады?
«Бурабай» МҰТП аумағында әртүрлі қорғау режимдері қолданылады. Саңырауқұлақ жинауға шектеулі шаруашылық қызмет аймағында рұқсат етіледі, ал қорықтық аймақта тыйым салынған. Мұндай учаскелер жергілікті жерде арнайы ақпараттық баннерлермен белгіленген. Сондықтан «тыныш аңшылыққа» шығар алдында орнатылған белгілерге назар аударып, нақты аумақта қандай режим қолданылатынын ескеру маңызды.
Жеке қажеттілік үшін келуші орман билетін рәсімдемей 5 келіге дейін саңырауқұлақ жинай алады. Егер жиналатын саңырауқұлақ көлемі 5 келіден асса, алдын ала орман билетін рәсімдеу қажет. Белгіленген мөлшерден артық саңырауқұлақты тиісті құжатсыз жинау, сондай-ақ тыйым салынған аумақтарда жинау ерекше қорғалатын табиғи аумақ режимін бұзу болып саналады және жеке тұлғалар үшін 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғуы мүмкін.
Сапар алдында таңдалған учаскенің режимін «Бурабай» МҰТП ресми сайтындағы функционалдық аймақтарға бөлу сызбасы арқылы тексеруге болады: «Келушілерге» → «ЕҚТА-ға бару қағидалары» → «Бурабай» МҰТП аумағын функционалдық аймақтарға бөлу».
«Бурабай» МҰТП аумағын функционалдық аймақтарға бөлу сызбасы
Орманда нені ескеру керек?
Саңырауқұлақ жинайтын орынды таңдағаннан кейін ормандағы тәртіп ережелерін сақтау маңызды. Саңырауқұлақ іздеу кезінде орман төсенішін қопаруға немесе аударуға, бұтақтарды сындыруға, ағаштар мен бұталарды зақымдауға, өсімдіктерді қазып алуға болмайды.
Автокөлікпен жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдардан және рұқсат етілген жолдардан тыс жерлерге кіруге тыйым салынады. Саңырауқұлақ өсетін жерге жету үшін орман өсімдіктерінің арасымен өз бетінше жол салуға болмайды.
Саңырауқұлақты топырақты қазбай және оның айналасындағы жерді бүлдірмей, ұқыпты жинаған жөн. Адамның жер бетінде көретіні – саңырауқұлақтың жемісті денесі ғана. Ал ағзаның негізгі бөлігі – саңырауқұлақ жіпшумағы (мицелий) – топырақ пен орман төсенішінде орналасып, ұзақ жылдар бойы тіршілік ете алады.
Көптеген саңырауқұлақтар микориза түзеді, яғни олардың жіпшумағы ағаштар мен басқа да өсімдіктердің тамырларымен тығыз байланыс орнатады. Осы жүйе арқылы су мен қоректік заттардың алмасуы жүреді. Сондықтан ормандағы саңырауқұлақ – күрделі табиғи байланыстар жүйесінің бір бөлігі.
Орман төсенішінің маңызын да ұмытпаған жөн. Қылқан жапырақтардан, жапырақтар мен органикалық қалдықтардан түзілген қабат ылғалды сақтауға көмектесіп, көптеген ағзалардың тіршілігіне қолайлы жағдай жасайды. Оның зақымдануы топырақтың кебуіне және орманның табиғи ортасының бұзылуына әкелуі мүмкін.
«Бурабай» МҰТП мамандарының айтуынша, осы ережелерді сақтау орман экожүйесін қорғауға және табиғи кешендердің зақымдануына жол бермеуге көмектеседі.
Орманда «қажетсіз» саңырауқұлақ болмайды
Пісіп кеткен саңырауқұлақтарды орнында қалдырған дұрыс: олар өзінің биологиялық қызметін жалғастырып, споралардың таралуына қатысады.
Шыбынжұттарды немесе жеуге жарамсыз басқа да саңырауқұлақтарды да жоюға болмайды. Орман үшін «қажетсіз» саңырауқұлақ жоқ. Олар органикалық заттардың ыдырауына, қоректік элементтердің айналымына қатысып, өсімдіктермен өзара байланыс түзеді.
Таныс емес саңырауқұлақтарға ерекше сақтықпен қараған жөн. «Бурабай» МҰТП аумағында бұған дейін шоқпарбас клавариадельфус (Clavariadelphus pistillaris) табылып, алдын ала анықталған. Бұл түр Қазақстан Республикасының сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген түрлерінің ресми тізбесіне енгізілген. Сондықтан өзіңізге таныс емес саңырауқұлақты орнында қалдырған дұрыс.
Егер саңырауқұлақтың жеуге жарамды екеніне күмәндансаңыз, оны себетке салмаңыз. Тек сыртқы түріне немесе интернеттегі кеңестерге сүйенуге болмайды.
Орманнан кейін қоқыс қалмауы тиіс
Тағы бір маңызды ереже – өзіңізден кейін қоқыс қалдырмау. Пакеттерді, бөтелкелерді, бір рет қолданылатын ыдыстарды, азық-түлік қаптамаларын және басқа да қалдықтарды өзіңізбен бірге алып кету қажет. Ерекше қорғалатын табиғи аумақта топырақ жамылғысын тұрмыстық қоқыспен және басқа қалдықтармен ластауға тыйым салынған.
«Тыныш аңшылықтың» басты қағидасы қарапайым: сіз кеткеннен кейін орман сіз келгенге дейінгі қалпында қалуы тиіс.
Саңырауқұлақты табиғатқа зиян келтірмей жинау, белгіленген режимді сақтау және өзіңізден кейін із қалдырмау арқылы табиғат сыйын пайдаланып қана қоймай, Бурабай орманын келер ұрпақ үшін сақтауға үлес қосуға болады.