Жаз мезгілінде Бурабайға келушілер ағыны ең жоғары деңгейге жетіп, сонымен бірге табиғи аумақтарға түсетін жүктеме де күрт артады. Үш жаз айында ұлттық парк аумағынан шамамен 514 тонна қалдық шығарылды. Алайда жоғары туристік маусымның тәжірибесі тазалық мәселесін тек тазалау жұмыстарының санын көбейту арқылы шешу мүмкін еместігін көрсетіп отыр. Біреулер аумақты тазалап жатқанда, енді біреулер жағалауларда, соқпақтар мен демалыс орындарында қоқыс қалдыруды жалғастыруда.
Сондықтан «Бурабай» МҰТП-де жұмыс бірден бірнеше бағытта жүргізіледі. Аумақты тазалаумен қатар табиғат қорғау рейдтері өткізіліп, туристермен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі, экологиялық ағартуға және жастарды табиғатты қорғау ісіне тартуға ерекше көңіл бөлінеді. Мақсат – қалдырылған қоқысты жинап қана қою емес, келушілердің ұлттық паркке деген көзқарасын біртіндеп өзгерту.
Биылғы жазда «Бурабай» МҰТП қызметкерлерімен бірге бұл жұмысқа студенттер, жастар жасақтары мен еріктілер де қосылды.
Маусым айында Еуразия ұлттық университетінің студенттері мен оқытушылары «Дыши, веточка» және «Чистые берега» экологиялық акцияларына қатысты. Олар Бурабай және Үлкен Шабақты көлдерінің жағалауларында жұмыс істеді. «Экология және табиғатты пайдалану» бағыты бойынша білім алып жүрген болашақ мамандар үшін бұл акция бір мезгілде далалық тәжірибеге де айналды.
Ұлттық парк қызметкерлері студенттерге аумағы 130 мың гектарға жуық жерді қорғау жұмыстарының қалай ұйымдастырылғанын, мемлекеттік инспекторлардың күнделікті немен айналысатынын, патрульдеу кезінде қандай техникалық құралдар қолданылатынын және орман өрті туындаған жағдайда жедел әрекет етудің неліктен аса маңызды екенін түсіндірді.
Акциядан кейін жұмыс әлеуметтік желілерде жалғасты. Студенттер экологиялық челлендж ұйымдастырып, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы тәртіп ережелері туралы айтып, құрдастарына демалыстан кейін қоқысты өзімен бірге алып кету қажеттігін еске салды.
Бурабай ауданының Жастар ресурстық орталығы жанындағы «Жасыл ел» жастар жасақтарымен жұмыс басқа форматта жүргізілді. «Қоқысқа – жол жоқ!» акциясы жаз бойы бірнеше рет ұйымдастырылған тазалық шараларына ұласты. Жастар Бөлектау тауы мен Көгілдір шығанақ маңына бірнеше рет барып, туристер ең көп баратын орындардың аумағын тазалады.
Дәл осы қайталама тазалық жұмыстары мәселенің ауқымын анық көрсетті. Тазартылған аумақтарда біраз уақыт өткен соң бөтелкелер, пакеттер, бір рет қолданылатын ыдыстар және басқа да қалдықтар қайта пайда болды. Егер тазалау жұмыстарының санымен бірге келушілердің мінез-құлқы өзгермесе, бұл үдеріс тұйық шеңберге айналады.
Сондықтан Бурабайда жеке жауапкершілік қағидаты экологиялық акциялар мен түсіндіру жұмыстарымен ғана шектелмейді.
Шілде айында ұлттық парк аумағында болу қағидаларын бұзған үш келуші сот шешімімен қоғамдық жұмыстарға тартылды. Олар парк аумағына бұл жолы қаптар мен қолғаптар алып келіп, қоқыс жинады. Осылайша ереже бұзудың салдарын құқық бұзушылардың өздері іс жүзінде сезінді.
Бұл жұмыс жазғы маусыммен шектелмейді. Жыл бойы Бурабайда «Чистый лед», «Чистые берега», «Марш парков», «Дыши, веточка» акциялары, экологиялық сабақтар, экскурсиялар мен квесттер өткізіледі. Сонымен қатар парк қызметкерлері рейдтер жүргізіп, келушілерге ерекше қорғалатын табиғи аумақта болу қағидаларын түсіндіреді.
Бұл жұмыс республикалық «Таза Қазақстан» бастамасының бір бөлігіне айналды. Алайда ұлттық парк үшін оның мәні сенбіліктер өткізумен ғана шектелмейді. Тазалық жұмыстары белгілі бір аумақтағы мәселені белгілі бір сәтте шешеді. Ал экологиялық ағарту мен келушілердің жеке жауапкершілігі сол жерге қоқыс қаптарымен қайта оралу қажеттілігін азайтуы тиіс.
Тағы бір маңызды бағыт – ұлттық паркке түсетін көлік жүктемесін азайту. Жаздың соңында Бурабай көлінде экологиялық су көлігін сынақтан өткізу басталды. Ол курорттық аймақтың жаңа көлік-логистикалық жүйесінің бір бөлігіне айналуы тиіс. Жобаның мақсаты – келушілерге жеке автокөлікке балама ұсыну және парктің ең көп жүктеме түсетін учаскелеріндегі көлік санын азайту.
Жаңа модель ең көп жүктеме түсетін аумақтардан тыс жерлерде ұстап қалушы автотұрақтар құруды көздейді. Көлік ауыстыратын нүктелердің бірі Айнакөл болады. Ол жерден келушілер сапарын экологиялық қоғамдық көлікпен, велосипедпен, жаяу немесе су көлігімен жалғастыра алады.
Осылайша Бурабайдағы экологиялық жұмыс енді туристік ағынның салдарын жоюмен ғана шектелмейді. Ол адамдардың ұлттық парк аумағында болуын ұйымдастырудың өзін де қамтиды.