Басты бет › Бұғылардың күйек кезеңі дегеніміз не және Бурабай туристері нені білуі керек?

Бұғылардың күйек кезеңі дегеніміз не және Бурабай туристері нені білуі керек?

Бұғылардың күйек кезеңі дегеніміз не және Бурабай туристері нені білуі керек?

«Бурабай» МҰТП-де маралдардың күйек кезеңі басталды. Бұл уақытта жануарлардың мінез-құлқы айтарлықтай өзгереді. Аталықтары белсенді бола түсіп, аналықтарын шақыру үшін өзіне тән созылыңқы дауыс шығарады және бір-бірімен бәсекеге түсуі мүмкін.

Бұғылардың күйек кезеңі күз мезгіліне сәйкес келеді және бірнеше аптаға созылады. Осы уақытта Бурабай ормандарында, әсіресе таңертең және кешке аталықтардың қатты дауысын естуге болады. Осылайша бұғы өзінің бар екенін білдіріп, аналықтарды шақырады және басқа аталықтарға белгі береді.

Бұл кезеңде аталықтар белгілі бір аумақтарды таңдап, арнайы белгілер қалдырады, мүйіздерін ағаштар мен бұталарға үйкейді. Осылайша жануардың иісі айқынырақ сезіліп, көбею кезеңіндегі белгілердің біріне айналады.

Ересек аталықтың маңына біртіндеп аналықтар жиналады. Аталық оларды өз маңында ұстап, бәсекелестерін жолатпауға тырысады. Кейде қарсыласу тек ақыру және күшін көрсетумен шектелсе, кей жағдайда аталықтар арасында айқас та болуы мүмкін.

Бұл уақытта бұғылардың мінез-құлқын бақылау ерекше қызық. Кейде аталықты ашық жерде немесе алаңқайда жалғыз кездестіруге болады. Ол таңдаған орнында ұзақ уақыт қалып, мезгіл-мезгіл дауыс шығарып, аналықтардың келуін күтуі мүмкін.

Күйек кезеңі аяқталғаннан кейін мұндай уақытша топтар тарап, жануарлар біртіндеп қалыпты тіршілік салтына оралады.

Сонымен қатар «Бурабай» МҰТП күйек кезеңінде жануарлардың белсенділігі артатынын еске салады. Бұл уақытта аталықтар агрессия танытуы мүмкін. Сондықтан бұғыларды кездестірген жағдайда оларға жақындауға, қоректендіруге немесе суретке түсу үшін таяп баруға болмайды.

Жануарды көрген кезде қауіпсіз арақашықтықты сақтау, шуламау және оның кедергісіз кетуіне мүмкіндік беру қажет. Автокөлік жүргізушілері де ерекше сақ болғаны жөн. Өйткені осы кезеңде бұғылар аумақта белсенді қозғалып, жолға кенеттен шығып кетуі мүмкін.

Жабайы жануарларды табиғи ортасында бақылау – ұлттық парк ұсынатын ең қызықты мүмкіндіктердің бірі. Бұл реттегі басты қағида қарапайым: алыстан бақылап, табиғи үдерістерге араласпау.

Күйек кезеңі бірнеше аптаға ғана созылғанымен, бұл – маралдың жылдық тіршілік цикліндегі ең маңызды кезеңдердің бірі. Ал адамның міндеті – осы уақытта табиғатқа өз заңдылығымен тіршілік етуге мүмкіндік беру.

Жабайы жануарларды есепке алу деректері бойынша, «Бурабай» МҰТП аумағында 1 383 марал (аскания бұғысы) мекендейді, оның 263-і – аталық. Жалпы санның ішінде шектеулі шаруашылық қызмет аймағында 930 дарақ, оның ішінде 220 аталық мекендейді.