Басты бет › «Бурабай» МҰТП-де жабайы жануарларға 600 тоннадан астам азық дайындалды

«Бурабай» МҰТП-де жабайы жануарларға 600 тоннадан астам азық дайындалды

«Бурабай» МҰТП-де жабайы жануарларға 600 тоннадан астам азық дайындалды «Бурабай» МҰТП-де жабайы жануарларға 600 тоннадан астам азық дайындалды «Бурабай» МҰТП-де жабайы жануарларға 600 тоннадан астам азық дайындалды

«Бурабай» МҰТП-де жабайы жануарлардың қысқы кезеңге арналған азық қоры толық дайындалды. Жаздың басынан бері ұлттық паркте 424 тонна шөп, 188 тонна дәнді дақылдардан дайындалған азық және 123 мың ағаш бұтақтарынан жасалған азықтық сыпыртқы әзірленді. Сондай-ақ қыс бойы тұздықтарға 19 тонна тұз салу көзделген.

Азық дайындау жыл сайын биотехникалық іс-шаралар аясында, бекітілген жоспарға сәйкес жүргізіледі. Ұлттық парк қызметкерлерінің негізгі міндеті – қалың қар, қатты аяз және қар бетінде мұз қабыршағының пайда болуы салдарынан табиғи қорекке қол жеткізу қиындайтын кезеңдерде жабайы жануарларды қосымша азықпен қамтамасыз ету.

Дайындық жұмыстары алдын ала, жаз мезгілінен басталады. Шөп пен ағаш бұтақтарынан жасалған азықтық сыпыртқылар кептіріліп, сақтауға қойылады, дәнді азықтың қажетті қоры қалыптастырылады. Қыс түскеннен кейін азық жануарлар мекендейтін жерлердегі арнайы азықтандыру алаңдары мен астауларға жеткізіледі.

«Қосымша азықтандыру табиғи қорек көздерін алмастырмайды. Ол қыстың ең қолайсыз кезеңдерінде ғана қолданылады. Тұяқты жануарларға шөп пен ағаш бұтақтарынан жасалған азықтық сыпыртқылар беріледі, ал дәнді азық арнайы астауларға салынады», – дейді «Бурабай» МҰТП жануарлар дүниесін қорғау және өсімін молайту бөлімінің басшысы Юрий Зелинский.

Оның мәліметінше, ұлттық парк аумағында 124 астау орналасқан.

Жұмыстың тағы бір бағыты – тұздықтарды орналастыру және оларды үнемі толықтырып отыру. Тұз жабайы тұяқты жануарларға қажетті минералдық заттардың қосымша көзі болып табылады.

Есепке алу деректері бойынша, «Бурабай» МҰТП аумағында 1 383 аскания бұғысы, 1 273 сібір елігі және 162 бұлан мекендейді. Популяциялардың жай-күйі мен жануарлардың қыстау жағдайлары ұлттық парк мамандарының тұрақты бақылауында.

Қыс мезгілінде орман күзеті қызметкерлері азықтандыру алаңдарын бақылап, ауа райы жағдайлары мен жануарлардың қажеттілігіне қарай азық қорын толықтырып отырады.