Басты бет › Бурабай табиғатын сақтап жүрген жандар

Бурабай табиғатын сақтап жүрген жандар

Бурабай табиғатын сақтап жүрген жандар Бурабай табиғатын сақтап жүрген жандар

Он орманшылық, 600-ге жуық қызметкер және 130 мың гектарға жуық ерекше қорғалатын табиғи аумақ. «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қызметкерлері күн сайын ормандарды, көлдерді және жабайы жануарлардың мекендеу ортасын сақтау жолында еңбек етеді. Бұл жұмыстың артында орманды жай ғана қызмет орны емес, өмірінің ажырамас бөлігіне айналдырған адамдар тұр. Орман шаруашылығы қызметкерлері күні қарсаңында орманшылардың кәсіби жолы, күнделікті еңбегі және Бурабай табиғатын қорғаушылардың жұмыс жағдайы қалай өзгеріп жатқаны туралы әңгімелейміз.

Орманшылық басшысының міндеті орманды өрттен және заң бұзушылардан қорғаумен ғана шектелмейді. Әр жұмыс күні қызметкерлерге тапсырма бөлуден басталады. Орман учаскелерін тексеру, жас көшеттердің жай-күйін бақылау, өртке қарсы және орман шаруашылығы жұмыстарын ұйымдастыру қажет. Жазда қызметкерлер табиғатты қорғау рейдтерін жүргізіп, жабайы жануарларға қысқы азық дайындайды, ал қыста оларды қосымша азықтандыруды ұйымдастырады. Экологиялық ағарту жұмыстарына, соның ішінде мектеп оқушыларымен сабақ өткізуге де уақыт бөлінеді.

Әр орманшылыққа белгілі бір аумақ бекітілген. Қызметкерлер өздеріне қарасты жердің әрбір ерекшелігін жақсы біледі. Бұл жұмыста жер жағдайын жетік білу, орманның жай-күйіндегі өзгерістерді байқау және ықтимал қауіп-қатерді дер кезінде анықтай алу аса маңызды.

Темнобор орманшылығының басшысы Константин Бегельдинов үшін бұл еңбек жолы кезінде қарапайым студенттік тәжірибеден басталған. Оның отбасында орман шаруашылығы саласында жұмыс істеген ешкім болмаған. Болашақ мамандығын өзі таңдаған. Щучинск қаласындағы Жоғары орман шаруашылығы, экология және туризм колледжіне оқуға түсіп, өндірістік тәжірибе кезінде өмірін орманмен байланыстыруға түбегейлі шешім қабылдаған.

Бүгінде оның басшылығындағы Темнобор орманшылығының аумағы 15 165 гектарды құрайды. Бурабай орманшылығымен салыстырғанда мұнда туристер әлдеқайда аз. Алайда бұл атқарылатын жұмыс көлемі де аз деген сөз емес.

Орманшылық аумағы ауыл шаруашылығы алқаптарымен шектеседі. Сондықтан шөп шабу және егін жинау науқаны кезінде өрттің алдын алуға ерекше көңіл бөлінеді. Қызметкерлер жергілікті шаруалармен, малшылармен және балықшылармен тұрақты кездесіп, өрт қауіпсіздігі қағидаларын түсіндіреді және оларды бұзғаны үшін қарастырылған жауапкершілікті еске салады.

Жалайыр орманшылығының басшысы Сайран Нұрғожиннің болашақ мамандығымен таныстығы бала кезінен басталған. Ол атасымен бірге туыстарына қонаққа барып, орман шеберімен бірге мотоциклмен орман учаскелерін аралайтын. Солтүстік Қазақстанның кең даласы мен қайың шоқтарының арасында өскен балаға қарағайлы орман ерекше әсер қалдырған.

1995 жылы оқуын аяқтаған Сайран Бұланды орман шаруашылығына жұмысқа орналасады. Еңбек жолын өзіне бекітілген учаскеге жауапты орман күзетшісі болып бастап, кейін орман шебері атанады. Бүгінде Сайран Нұрғожин 17 387 гектар аумақты қамтитын Жалайыр орманшылығын басқарады. Отыз жыл ішінде ол мол кәсіби тәжірибе жинақтады. Кейбір әріптестерімен ондаған жыл бірге еңбек етіп, бес қызметкерді құрметті еңбек демалысына шығарып салған. Енді өзі жас мамандарға тәжірибесін үйретіп жүр.

Кәсіби жолдары мен басқаратын орманшылықтарының ерекшеліктері әртүрлі болғанымен, екі кейіпкерді де өздеріне сеніп тапсырылған аумақтың сақталуына деген жауапкершілік біріктіреді. Әсіресе жағдай санаулы минут ішінде өзгеріп кетуі мүмкін өрт қаупі жоғары маусымда бұл жауапкершілік айрықша сезіледі.

Олардың еңбек еткен жылдары ішінде орманды қорғау тәсілдері ғана емес, қызметкерлердің техникалық мүмкіндіктері де айтарлықтай өзгерді. Бұрын өрт ошағын іздеуге көп уақыт кетсе, бүгінде орманшыларға заманауи бақылау жүйелері көмектеседі.

«Бұрын бақылау мұнарасынан белгілі бір бағытта түтін көрінгенін хабарлайтын. Біз сол жаққа барып, өрт ошағын іздеуге көп уақыт жұмсайтынбыз. Қазір нақты координаттарды, орман кварталы мен телімінің нөмірін аламыз да, бірден қажетті жерге барамыз. Сонымен қатар бізге дрондар сатып алынды. Олардың көмегімен орман алқабын әлдеқайда жылдам әрі дәл тексеріп, жедел бақылау жүргізуге болады», – дейді Константин Бегельдинов.

Өртті ерте анықтауға арналған Smart жүйесі ықтимал өрт ошағының орналасқан жерін жедел анықтауға мүмкіндік береді. Дабыл түскен бойда қызметкерлер көрсетілген учаскеге жетіп, жағдайды бағалайды және өртті сөндіруге кіріседі. Дегенмен ең заманауи техниканың өзі жер жағдайын жетік білуді, тәжірибені және ұжымның үйлесімді жұмысын алмастыра алмайды.

Сонымен қатар ұлттық паркте материалдық-техникалық база нығайтылып, қызметкерлердің жұмыс жағдайы жақсартылуда. Бүгінде «Бурабай» МҰТП аумағында 27 орман кордоны жұмыс істейді. Олардың сегізінде бірінші типтегі орман өрт сөндіру станциялары орналасқан. Бұл өртке алғашқы болып әрекет ететін қызметкерлер мен қажетті жабдықтардың тікелей орман алқаптарында болуын қамтамасыз етеді.

Ұлттық парктің қарамағында өрт сөндіру автомобильдері, шағын орман өрт сөндіру кешендері, патрульдік көліктер, квадроциклдер мен қарда жүретін техникалар бар. Минералдандырылған жолақтар жасау және орман шаруашылығы жұмыстарын жүргізу үшін тракторлар пайдаланылады. Мұндай техникалық жарақтандыру қызметкерлердің жетуі қиын учаскелерге жылдам баруына және күнделікті міндеттерін тиімді орындауына көмектеседі.

Алайда орманшының еңбегі өсіп тұрған орманды қорғаумен ғана шектелмейді. Оның тағы бір маңызды бөлігі – табиғи аумақтарды қалпына келтіру және орманды келешек ұрпаққа аман жеткізу. Отырғызылған көшеттердің өсіп, нығаюына жылдар қажет. Ал өрттен аман сақталған орман ондаған адамның күнделікті еңбегінің арқасында өсіп, жайқала береді.

Константин Бегельдинов пен Сайран Нұрғожин – өңірдің бірегей табиғатын сақтау жолында күн сайын еңбек етіп жүрген «Бурабай» ұлттық паркінің үлкен ұжымының өкілдері. Олардың мол тәжірибесі, мамандығына адалдығы және жинаған білімін жас мамандарға үйретуге деген ұмтылысы Бурабай ормандарын келешек ұрпақ үшін сақтауға үлес қосып келеді.