Бурабай көлінде «экологиялық тыныштық» режимін енгізуге дайындық аясында экожүйені қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Осы бағытта көлге балық жіберудің екінші кезеңі өткізілді.
Биыл күзде көлге тағы 150 мың ақ амурдың биылғы шабағы жіберілді. Осындай мөлшердегі балық алғашқы кезеңде, 22 қыркүйекте де жіберілген болатын.
Ақ амурдың таңдалуы кездейсоқ емес. Бұл балық су өсімдіктерімен қоректенеді және олардың шамадан тыс көбеюін табиғи жолмен тежеуге көмектеседі. Осылайша, қыс мезгілінде судағы оттегі тапшылығының алдын алуға ықпал етеді.
«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің инженер-ихтиологі Сергей Кучеренконың айтуынша, мамандардың басты мақсаты – көлдің табиғи тепе-теңдігін қалпына келтіру.
Балық жіберу жұмыстары аяқталғаннан кейін де көлдің экологиялық жағдайы тұрақты ғылыми бақылауда болады. Мамандар су сапасын, оттегі деңгейін және су өсімдіктерінің жай-күйін бақылауды жалғастырады. Мониторинг жүргізілетін кезеңде әуесқойлық және спорттық балық аулауға жолдамалар сату уақытша тоқтатылады.
Еске сала кетейік, көл акваториясына түсетін антропогендік жүктемені азайтуға бағытталған кешенді шаралар аясында экологиялық таза электр көлігін сынақтан өткізу де қарастырылған. Сонымен қатар 2027 жылдан бастап енгізу жоспарланған «экологиялық тыныштық» режиміне кезең-кезеңімен көшу көзделіп отыр.