«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде өрт қауіпті маусым аяқталды. Құрғақшылыққа, жиі болған найзағайларға және туристер санының рекордтық деңгейге жетуіне қарамастан, ірі орман өрттерінің алдын алып, орман алқаптарын сақтап қалу мүмкін болды. Бұл нәтижеге ұлттық парк қызметкерлерінің үйлесімді жұмысы, өрт ошақтарына жедел әрекет етуі және заманауи мониторинг жүйелерін қолдануының арқасында қол жеткізілді.
Өрт қаупі жоғары маусым 2026 жылғы 6 сәуірден 10 қарашаға дейін созылды. Жеті ай бойы орман алқаптарында өрт шығу қаупі жоғары болды. Ауа температурасының көтерілуі, жауын-шашынның аздығы және найзағайдың жиі түсуі өрттің тұтануына әрі тез таралуына қолайлы жағдай туғызды. Туристер ағыны да қосымша жүктеме түсірді. Биыл ұлттық паркке шамамен 1,4 млн адам келген. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 6 пайызға көп.
Осындай жағдайда ұлттық парк қызметкерлерінің басты міндеті өрттің таралуына жол бермеу және орманды сақтау болды. Осы мақсатта аумақты тәулік бойы бақылау ұйымдастырылып, патрульдеу күшейтілді және өрт сөндіру бөлімшелерінің тұрақты дайындығы қамтамасыз етілді.
Орман өрттерін ерте анықтауға арналған SMART жүйесі маңызды рөл атқарды. Оның көмегімен өрт ошақтары дер кезінде анықталып, оқиға орнына өрт сөндіру жасақтары жедел жіберілді. Дегенмен шешуші рөлді күрделі табиғи жағдайларда, соның ішінде жетуі қиын таулы аумақтарда жұмыс істеуге тура келген қызметкерлердің кәсіби әрі шұғыл әрекеті атқарды.
«Орманда өртті дер кезінде анықтау және оған жедел әрекет ету аса маңызды. Өрт туралы ақпарат неғұрлым ерте түссе, оны тоқтатуға мүмкіндік соғұрлым жоғары болады. Сондықтан біз техникалық жарақтандыруға және қызметкерлердің дайындығына ерекше көңіл бөлеміз», – деді «Бурабай» МҰТП Жедел басқару орталығының басшысы Асылхан Ахметжанов.
Ұлттық парк өрт қаупі жоғары маусымға алдын ала дайындалды. Әртүрлі деңгейдегі 37 өрт-тактикалық оқу-жаттығу өткізілді. Өртпен күресуге 16 өрт сөндіру автокөлігі, жеті шағын орман өрт сөндіру кешені және басқа да арнайы техника жұмылдырылды. Қажет болған жағдайда өрт сөндіру жұмыстарына Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаменті мен «Қазавиаорманқорғау» мекемесінің күштері тартылды.
Сонымен қатар мемлекеттік инспекторлар профилактикалық рейдтер жүргізіп, өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын қадағалады және туристерге орманда қауіпсіз жүріп-тұру қағидаларын түсіндірді. Ұлттық парк аумағында от жаққаны үшін бес адамға әрқайсысына 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде ауқымды орман өрттерінің алдын алуға қол жеткізілді. Маусым бойы ұлттық парк аумағында 15 өрт оқиғасы тіркеліп, олардың жалпы аумағы небәрі 1,4 гектарды құрады. Өрттердің басым бөлігі найзағай түсуінен туындаған.
Өрт ошақтарының бірқатары жетуі қиын таулы жерлерде орналасқандықтан, ол жаққа адамдар мен техниканы жеткізу қосымша уақытты талап етті. Соған қарамастан, өрттің үлкен аумақтарға таралуына жол берілген жоқ.
Өрт қаупі жоғары маусымның аяқталуы орманды қорғау жұмыстары тоқтайды дегенді білдірмейді. Ұлттық паркте аумақты бақылау, қызметкерлерді даярлау және профилактикалық іс-шаралар жалғасады.
Басты басымдық – Бурабайдың бірегей табиғатын келешек ұрпақ үшін сақтап қалу.