Басты бет › АБАЙЛАҢЫЗ, МҰЗ ЖҰҚА! Бурабай көлдеріндегі мұзға шығу өмірге қауіпті

АБАЙЛАҢЫЗ, МҰЗ ЖҰҚА! Бурабай көлдеріндегі мұзға шығу өмірге қауіпті

АБАЙЛАҢЫЗ, МҰЗ ЖҰҚА! Бурабай көлдеріндегі мұзға шығу өмірге қауіпті

«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің көлдерінде мұз қату кезеңі басталды. Ауа температурасының төмендеуіне байланысты су айдындары біртіндеп мұзбен жабылып жатыр. Алайда мұз қабаты әлі тым жұқа және жеткілікті деңгейде қатаймаған. Сондықтан оның үстіне шығу адам өміріне елеулі қауіп төндіреді. Жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында «Бурабай» МҰТП әуесқойлық және спорттық балық аулауды уақытша тоқтатты.

Тиісті бұйрыққа ұлттық парк директоры қол қойды. Шектеу мұздың қалыптасу кезеңіндегі қауіпсіздік шараларына байланысты енгізілді. Өйткені сырттай толық қатқандай көрінетін мұздың өзі адам салмағын көтере алмауы мүмкін.

Әсіресе жағалауға жақын аумақтарда, бұлақтар құятын, суасты қайнарлары шығатын және су өсімдіктері шоғырланған жерлерде қауіп жоғары. Көл бетіндегі мұз біркелкі қатпайды: бір тұста берік болып көрінгенімен, бірнеше метр жерде өте жұқа болуы мүмкін.

Ұлттық парк мамандары тұрақты әрі берік мұз қабаты қалыптасқанға дейін көлдерге шығу тек балықшылар үшін ғана емес, қысқы демалысты ұнататын барлық азаматтар үшін қауіпті екенін ескертеді.

Мұздың беріктігін аяқпен тексеруге, суретке түсу, серуендеу немесе сырғанау мақсатында қатқан көл бетіне шығуға болмайды. Балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аудару қажет.

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің ұсынымдарына сәйкес, бір адамның мұз үстінде қауіпсіз жүруі үшін оның қалыңдығы кемінде 10 сантиметр болуы тиіс. Алайда мұз қату кезеңінде оның сыртқы көрінісіне қарамастан, мұз үстіне шығуға тыйым салынады.

«Бурабай» МҰТП курорттық аймақ тұрғындары мен қонақтарын мұз үстіне шықпауға және белгіленген шектеулерді қатаң сақтауға шақырады.

Әуесқойлық және спорттық балық аулауды қайта бастау туралы ақпарат тиісті шешім қабылданғаннан кейін келушілерге қосымша хабарланады.

Есте сақтаңыз: алғашқы мұз алдамшы! Балық аулау немесе мұз қатқан көлде серуендеу үшін өміріңізді қатерге тікпеңіз.

Төтенше жағдай туындаған жағдайда дереу 112 нөміріне хабарласыңыз.