Басты бет › Бурабай туралы мифтер мен деректер: туристер білуі тиіс бес жаңсақ пікір

Бурабай туралы мифтер мен деректер: туристер білуі тиіс бес жаңсақ пікір

Бурабай туралы мифтер мен деректер: туристер білуі тиіс бес жаңсақ пікір Бурабай туралы мифтер мен деректер: туристер білуі тиіс бес жаңсақ пікір Бурабай туралы мифтер мен деректер: туристер білуі тиіс бес жаңсақ пікір Бурабай туралы мифтер мен деректер: туристер білуі тиіс бес жаңсақ пікір

Көптеген туристер Бурабайды ең алдымен демалыс орны ретінде қабылдайды. Алайда курорттық аймақтың ормандары, көлдері мен таулары ерекше қорғалатын табиғи аумақтың құрамына кіреді. Мұнда арнайы қағидалар қолданылады. Олардың кейбірі келушілердің көкейінде сұрақ туғызса, талаптардың не себепті енгізілгенін түсінбеу жаңсақ пікірлердің қалыптасуына әкеледі. «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі табиғат қорғау талаптарының мәнін және адамның күнделікті үйреншікті әрекеттерінің өзі табиғатқа қалай әсер етуі мүмкін екенін түсіндіреді.

№ 1 миф. «Кіру ақысын төледім, демек, қалаған жерімде демала аламын»

Дерек: ұлттық паркке бару үшін ақы төлеу табиғат қорғау талаптарын сақтау міндетінен босатпайды.

Қазақстандағы ұлттық парктердің аумағы төрт функционалдық аймаққа бөлінеді: қорық режимі, экологиялық тұрақтандыру, туристік және рекреациялық қызмет, сондай-ақ шектеулі шаруашылық қызмет аймақтары. Олардың әрқайсысында табиғатты қорғау мен аумақты пайдаланудың өзіндік режимі белгіленген. Сондықтан ұлттық парк аумағына кіру туристерге оның барлық аумағына баруға құқық бермейді.

Мұндай аймақтарға бөлу жабайы жануарлардың мекендеу ортасын, өсімдіктердің өсу орындарын және адамның әсеріне ерекше сезімтал табиғи кешендерді сақтауға мүмкіндік береді.

№ 2 миф. «Ұлттық парк барлық көлдерде жағажай жабдықтауға міндетті»

Дерек: жағалау аумағының барлық бөлігі жаппай демалуға арналмаған.

Көл жағасы – адамның күнге қыздырынатын, шомылатын немесе балық аулайтын орны ғана емес. Жағалау аймағы – су экожүйесінің дербес бөлігі. Мұнда жәндіктер мен қосмекенділер тіршілік етеді, құстар ұя салады, ал су өсімдіктері балық шабақтары мен басқа да су ағзаларына пана болады. Жағалауда өсетін өсімдіктердің тамырлары жағалауды шайылудан және бұзылудан қорғауға да көмектеседі.

Жағажайларды жабдықтау функционалдық аймақтарға бөлуді, рұқсат етілген рекреациялық жүктемені және ұлттық парк инфрақұрылымын дамытудың бас жоспарын ескере отырып, арнайы белгіленген учаскелерде қарастырылады.

Сондықтан жағалаудың табиғи қалпын сақтаған бөліктерін қорғау – табиғат қорғау саласындағы маңызды міндеттердің бірі.

№ 3 миф. «Тиіндерге азық беру арқылы оларға көмектесеміз»

Дерек: туристердің жабайы жануарларға азық беруі оларға зиян келтіруі мүмкін.

Тиіндер де, орманның басқа тұрғындары сияқты, белгілі бір қоректену рационына бейімделген. Тұздалған жаңғақтар, тәттілер, печенье және адам тұтынатын басқа да тағамдар олардың табиғи қорегіне сәйкес келмейді.

Жануарларға үнемі азық беру олардың мінез-құлқын да өзгертеді. Олар адамдарға, автомобиль жолдарына және көпшілік демалатын орындарға жиі жақындай бастайды. Бұл өз кезегінде жануарларға қосымша қауіп төндіреді.

Туристердің жабайы жануарларға азық беруін ұлттық парк мамандары жүргізетін биотехникалық іс-шаралармен шатастырмау қажет. Жануарларды жоспарлы түрде қосымша азықтандыру кезінде олардың қоректену ерекшеліктері, маусымдық жағдайлар және әр түрдің қажеттіліктері ескеріледі.

Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға бару қағидаларына сәйкес, жабайы жануарларға өз бетінше азық беруге тыйым салынады. Орман жануарларымен танысудың ең дұрыс жолы – олардың табиғи мінез-құлқына араласпай, белгілі бір қашықтықтан бақылау.

№ 4 миф. «Тағам қалдықтарын орманда қалдыруға болады, олар бәрібір ыдырап кетеді»

Дерек: қалдықтардың ыдырау қасиеті олардың табиғи орта үшін қауіпсіз екенін білдірмейді.

Тағам қалдықтары жануарларды адамдар демалатын орындарға тартады, олардың қоректену дағдыларын өзгертеді және адаммен қауіпті жағдайларға әкелуі мүмкін кездесулерге себеп болады.

Сонымен қатар органикалық қалдықтардың ыдырау жылдамдығы ауа температурасына, ылғалдылыққа және басқа да жағдайларға байланысты. Жылдың суық мезгілінде бұл үдеріс айтарлықтай баяулайды.

Сондықтан жеміс қабықтарын, нан қалдықтарын және басқа да тағам қалдықтарын өзге қоқыспен бірге жинап, алып кету қажет.

№ 5 миф. «Орманда құлаған ағаштар мен қураған бұтақтардың болуы орманға күтім жасалмайтынын көрсетеді»

Дерек: өлі сүрек – орман экожүйесінің табиғи құрамдас бөлігі.

Құлаған ағаштар мен ескі түбірлер жәндіктерге пана болады, оларда саңырауқұлақтар мен микроағзалар дамиды. Сүрек ыдыраған сайын қоректік заттар топыраққа қайта оралады.

Тірі ағзалардың кейбір түрлері үшін өлі сүрек – тіршілік етуге қажетті орта.

Сонымен қатар орман шаруашылығы мамандары орманның санитариялық жай-күйін, өрт қаупін және келушілердің қауіпсіздігін бағалайды. Санитариялық іс-шараларды жүргізу қажеттілігі әрбір учаскенің нақты жағдайына қарай айқындалады.

Ұлттық парктің орманы қалалық саябақ сияқты болуға міндетті емес. Оның табиғи қалпының өзіндік экологиялық құндылығы бар.

Ұлттық парктің табиғат қорғау қағидалары туристердің демалысын шектеуге емес, Бурабайдың бірегей табиғатын сақтауға бағытталған. Осы талаптарды түсіну және әрбір келушінің жауапкершілік танытуы туризмді дамыту мен табиғи экожүйелерді қорғау арасындағы тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді.

Өйткені бүгін де, болашақта да Бурабайдың сұлулығын тамашалау мүмкіндігі табиғатқа дәл қазір қаншалықты ұқыпты қарайтынымызға байланысты.