Басты бетҒалымдар Бурабай экожүйесін қалпына келтіру жоспарын әзірледі

Ғалымдар Бурабай экожүйесін қалпына келтіру жоспарын әзірледі

Ғалымдар Бурабай экожүйесін қалпына келтіру жоспарын әзірледі

Бурабай кентінде «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің экожүйесін қалпына келтіру және сақтау мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шара ұлттық парктің 25 жылдығына орай ұйымдастырылды.

Дөңгелек үстел жұмысына ҚР Президенті Іс басқармасы, Ақмола облысы әкімдігі, экология және табиғи ресурстар, су ресурстары және ирригация, туризм және спорт, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және құрылыс, энергетика, денсаулық сақтау министрліктерінің өкілдері, сондай-ақ еліміздің мемлекеттік ұлттық парктері мен бірқатар ғылыми институттар қатысты.

Кездесу барысында қатысушылар «Бурабай» МҰТП экожүйесін қалпына келтіру және сақтау» атты ғылыми бағдарламаны талқылады. Бағдарлама ұлттық парктің экожүйесінің тұрақтылығын арттыруға бағытталған кешенді шараларды қамтиды. Ол гидрология, орман қоры және биоалуантүрлілік, тереология, туризм мен рекреация, гидробиология бағыттарын қамтиды. Ғалымдар зерттеу нәтижелерін ұсынып, экологиялық тәуекелдерді айқындап, өңірдің табиғи мұрасын ұзақ мерзімді сақтау және қалпына келтіру жөніндегі ұсыныстар пакетін әзірледі.

Ғалымдар атап өткендей, соңғы жылдары бірқатар көлдерде су деңгейінің тұрақты төмендеуі байқалады. Бұл климаттың өзгеруі мен антропогендік әсердің салдары. Жағдайды тұрақтандыру мақсатында гидропосттар орнату, тазарту және орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйелерін енгізу, су қорғау іс-шараларын жүргізу ұсынылды. «Халықаралық ғылыми кешен “Астана”» орталығының ғылыми қызметкері Мұрат Мұздыбаевтың пікірінше, тек су пайдалануды қатаң бақылау, табиғи ағынды қалпына келтіру және коммуналдық инфрақұрылымды орталықтандыру арқылы ғана курорттың бірегей экожүйесін сақтап қалуға болады.

Сондай-ақ Бурабай ұлттық паркінің су экожүйелерін қалпына келтіру және сақтау бағытында келесі шаралар ұсынылды:

  • су қоймаларын қалпына келтіру;

  • көлдерді балықтандыру арқылы биологиялық жолмен тазарту;

  • жүзу құралдарын пайдалануға тыйым салынған «экологиялық тыныштық» режимін енгізу;

  • спорттық және әуесқой балық аулауға шектеулер енгізу;

  • ұңғымалар мен су алу нысандарына түгендеу жүргізу;

  • жолдар мен жасанды бөгеттер арқылы су өткізгіш құрылғылар салу.

Орман қорының жағдайына ерекше назар аударылды. Жоғары рекреациялық жүктеме салдарынан қарағай және қайың ормандарының табиғи жаңаруы баяулауда. Танымал демалыс аймақтарында топырақ тығыздалып, жас шыбықтар тапталып, ағаштардың тамыр жүйесі ашық күйде қалады. Ормандардың табиғи қартаю процесі де алаңдаушылық тудырады. Биология ғылымдарының кандидаты, доцент Светлана Кабанова топырақ мелиорациясы, антропогендік қысымды төмендету және сирету мен ескі ормандарда тәжірибелік санитарлық кесулер жүргізу сияқты тиімді шараларды ұсынды.

Фауна саласында тұяқты жануарлар санының реттелуі және экожүйенің табиғи тепе-теңдігін қалпына келтіру мәселелері қаралды. Қатысушылар жабайы табиғатқа зиян келтірмей, популяцияларды басқаруға және экологиялық туризмді дамытуға ғылыми тәсілдерді енгізудің маңыздылығын атап өтті.

Туристік бағыттар бойынша жүргізілген мониторинг жекелеген учаскелерде рекреациялық жүктеменің артуын көрсетті. Экожүйелерге түсетін әсерді азайту үшін көлік қатынасына шектеулер қою, онлайн-буккинг жүйесін енгізу және экологиялық ағартушылықты дамыту ұсынылды.

– Біздің зерттеулер биологиялық процестер мен топырақ-өсімдік жамылғысының күйінде елеулі өзгерістер бар екенін көрсетті. Алынған нәтижелер ұлттық паркті зиянсыз әрі қауіпсіз түрде аралауға мүмкіндік беретін шұғыл шаралар қабылдаудың қажеттілігін дәлелдейді, – деді PhD докторы, жобаның жетекшісі, «География және су қауіпсіздігі институты» АҚ аға ғылыми қызметкері Роза Темірбаева.

– Дөңгелек үстелде өте өзекті мәселелер талқыланды. Барлық ұлттық парктерге тән ортақ проблемалар бар — бұл шамадан тыс рекреациялық жүктеме мен орман күтімдік кесулеріне қатысты пікірталастар. Тағы бір маңызды мәселе – туристік соқпақтарды абаттандыру. Менің ұсынысым – бағыттар бойында жауын суының ағуын тежеу үшін арнайы қорғаныс жүйелерін орнату. Бұл өсімдіктерді сақтап, ағаштардың тамыр жүйесінің ашылуын болдырмауға көмектеседі. Сонымен қатар, Бурабай және Қарқаралы ұлттық парктерінің ортақ міндеті – жабайы жануарлар популяциясын бақылау, өйткені бұл тікелей орман экожүйесінің жағдайына әсер етеді. Бұл мәселе әрі қарай талқылауды және заңнамалық деңгейде нақтылауды қажет етеді. Жалпы, мемлекеттік органдар, ғылыми ұйымдар мен ұлттық парктердің қатысуымен осындай кездесулер тәжірибесін жалғастыру қажет деп санаймын, – деді Қарқаралы ұлттық паркінің директоры Руслан Төлебаев.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша «Бурабай» МҰТП экожүйесін қалпына келтіру және сақтау жөніндегі ғылыми бағдарламаны іске асыру бойынша іс-шаралар жоспары әзірленеді. Бұл құжат өңірдің табиғи байлығын сақтау мақсатында ғылыми тәсілдерді, басқарушылық шешімдерді және экологиялық жауапкершілікті біріктіретін болады.