Бурабай көлінде 2027 жылы енгізу жоспарланған «экологиялық тыныштық» режиміне кезең-кезеңімен дайындық басталды. Оның мақсаты – көл акваториясына түсетін жүктемені азайтып, экожүйенің табиғи жолмен қалпына келуіне жағдай жасау. Осы жұмыстың бір кезеңі – көлді ақ амурмен балықтандыру. Биыл күзде Бурабай көліне 150 мың біржылдық ақ амур жіберіледі.
Көлді қалпына келтіру қажеттігін «Бурабай» МҰТП бастамасымен жүргізілген ғылыми зерттеулер де растайды. Мамандар негізгі мәселелердің бірі ретінде су өсімдіктерінің шамадан тыс көбеюін атап өтеді. Тіршілігін тоқтатқаннан кейін олар ыдырап, суда еріген оттегін тұтынады. Бұл үдеріс әсіресе қыста, көлдің бетін мұз басып, табиғи оттегі алмасуы шектелген кезде айқын сезіледі.
«Балықтандырудың бірінші кезеңі 22 қыркүйекте өтті, екінші кезеңі 5 қазанға жоспарланған. Ақ амурдың таңдалуы кездейсоқ емес. Ол су өсімдіктерімен қоректеніп, олардың шамадан тыс өсуін табиғи жолмен тежеуге көмектеседі. Бұл ретте біздің мақсатымыз – көлді өсімдіктерден толық тазарту емес, табиғи тепе-теңдікті қалпына келтіру», – дейді «Бурабай» МҰТП инженер-ихтиологы Сергей Кучеренко.
Балықтандырудан кейін көлдің жай-күйі тұрақты ғылыми бақылауда болады. 2027 жылы және одан кейінгі жылдары мамандар судың сапасын, су өсімдіктері мен микроорганизмдердің жай-күйін зерттеуді жалғастырады, ал қыс мезгілінде судағы оттегінің мөлшерін бақылайды. Алынған деректер экожүйедегі өзгерістерді бағалауға және алдағы уақытта қандай шаралар қажет екенін анықтауға мүмкіндік береді. Бақылау кезеңінде әуесқойлық және спорттық балық аулауға арналған жолдамаларды сату уақытша тоқтатылады.
Алайда көлді қалпына келтіру оның биологиялық жай-күйіне ғана байланысты емес. Тұрақты нәтижеге қол жеткізу үшін акваторияға түсетін сыртқы жүктемені де қатар азайту қажет. Жаңа режимге көшу кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.
Бұл бағыттағы алғашқы қадамдар жасалды. Биыл Бурабай көлінде электрлі су көлігін сынақтан өткізу басталды. Жаңа модель көлге де, ұлттық парк аумағына да түсетін жүктемені азайтуға бағытталған.
Электрлі су трамвайлары акваториядағы қозғалысты ретке келтіріп, отынмен жүретін моторлы көлікті біртіндеп алмастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар су маршруттары парк ішіндегі жеке автокөлікпен жүруге балама болуы тиіс. Келушілер көліктерін ұстап қалушы автотұрақтарға қалдырып, негізгі туристік орындарға көл арқылы экологиялық таза көлікпен жете алады.
Осылайша, көлді ақ амурмен балықтандыру, ғылыми мониторинг жүргізу, электрлі су көлігіне көшу және акваторияға түсетін жүктемені азайту – бірізді жүргізіліп жатқан кешенді жұмыстың өзара байланысты бағыттары.
Ал «экологиялық тыныштық» режимі осы шараларды біріктіріп, көлді табиғи қалпында сақтаудың басты шартын – сыртқы әсер барынша аз болатын кезеңді қамтамасыз етуге тиіс.